БОЛАШАҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУШІЛІК ІС-ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ЖОБАЛАУ ӘДІСІН ҚОЛДАНУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.53355/ZHU.2026.118.1.021Түйінді сөздер:
математика, жобалау әдісі, құрылыс саласы, зерттеушілік іс-әрекет, қалыптастыруАннотация
Математика – өзінің мазмұны мен пәндік ерекшеліктеріне сай студенттердің ғылыми-зерттеу әрекеттерін дамытуға кең мүмкіндік беретін ғылым саласы. Құрылыс бағыты бойынша маман даярлау үдерісінде зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру – кәсіби құзыреттіліктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазіргі таңда білім беру жүйесіндегі мазмұндық және әдістемелік өзгерістер техникалық жоғары оқу орындарында студенттердің зерттеушілік қабілеттерін дамыту мәселесін өзекті етіп отыр.
Техникалық ЖОО түлектері өндіріс пен құрылыс саласындағы әртүрлі типтегі және деңгейдегі кәсіпорындарда кәсіби міндеттерді тиімді орындай алуы тиіс. Бұл жағдай математиканы оқытуда заманауи педагогикалық технологияларды, соның ішінде жобалау әдісін тиімді пайдалануды қажет етеді. Жобалау әдісі студенттердің шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, дербес ойлау мен шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Математиканы оқыту процесінде жобалау әдісін қолдану болашақ құрылысшылардың танымдық белсенділігін арттырып, олардың өз көзқарасын білдіруіне, кәсіби мәселелерге сын тұрғысынан қарауына мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты – математиканы оқыту барысында болашақ құрылысшылардың зерттеушілік іс-әрекеттерін қалыптастыруға бағытталған жобалау негізіндегі әдістемелік жүйені әзірлеу және оның тиімділігін айқындау.
Құрылыс саласының болашақ мамандары үшін зерттеушілік сипаттағы кәсіби міндеттерді шешу барысында математикалық білім мен дағдылардың маңызы ерекше. Оларға құрылыс материалдарының сапалық және физикалық қасиеттерін талдау, есептеу және модельдеу үдерістерінде математикалық заңдылықтарды, формулаларды және есептеу әдістерін дұрыс қолдану қажет. Сондықтан жобалау әдісін қолдану студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, ғылыми-зерттеу дағдыларын жүйелі қалыптастыруға және кәсіби дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
ҚАЗ
РУС
ENG