ЖАЛПЫ СӨЙЛЕУ ТІЛІ ДАМЫМАҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕРІ АРҚЫЛЫ ТІЛІН ДАМЫТУ
DOI:
https://doi.org/10.53355/ZHU.2026.118.1.020Түйінді сөздер:
ертегі терапиясы, сөздік қор, грамматикалық құрылым, байланыстырып сөйлеу, диалогАннотация
Бұл зерттеу жұмысында жалпы сөйлеу тілі дамымаған (ЖСТД) ІІІ деңгейдегі 5-6 жастағы балалардың сөздік қоры мен грамматикалық құрылымдарын жетілдірудің тиімді жолдары қазақ халық ертегілерінің тәрбиелік және тілдік әлеуеті негізінде қарастырылды. Қазақ халық ертегісі – баланың тілін дамытудың тек көрнекі құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттың рухани және мәдени мұрасын жеткізетін, жаңа сөздерді меңгерту мен сөйлем құрау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды әдістемелік құрал болып табылады. Зерттеу барысында алдымен жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың сөйлеу ерекшеліктері сипатталып, олардың лексикалық қоры мен грамматикалық жүйесінің жеткіліксіздігі түзете-дамыту бағытындағы арнайы педагогикалық жұмыстың ерекше тәсілдерін талап ететіні анықталды. Шетелдік, ресейлік және отандық ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, қазақ халық ертегілерін тіл дамытудың тиімді құралы ретінде пайдаланудың теориялық негіздері жан-жақты талданды. Мақалада ертегіні логопедиялық тәжірибеде қолданудың негізгі әдістемелік бағыттары ұсынылады: ертегі мазмұнын қайталау, рөлдік сахналау, иллюстрацияларды пайдалану арқылы әңгімелеу және диалогтік қарым-қатынас ұйымдастыру тәсілдері жүйеленді. Осы әдістердің барлығы арнайы педагогика саласында қолдануға арналған үлгілік модель түрінде құрылып, олардың тиімділігі кешенді түрде сипатталды. Аталған тәсілдерді біріктіре пайдалану балалардың сөздік қорын молайтуға, грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолдануға және байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамытуға елеулі әсер ететіні анықталды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – қазақтың халық ертегілерін логопедиялық мақсатта бейімдеу арқылы жалпы сөйлеу тілі дамымаған ІІІ деңгейдегі балалардың лексикалық және грамматикалық дамуын қамтитын әдістемелік жүйені алғаш рет тұтас құрылымда ұсыну. Сонымен бірге, диалогтік сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда ертегі мәтіндерінің құрылымдық ерекшеліктерін тиімді қолдану жолдары мен нақты логопедиялық әдістері жүйеленіп берілді. Зерттеу нәтижесінде қазақ халық ертегілеріне негізделген логопедиялық модельді қолдану жалпы сөйлеу тілі дамымаған (ЖСТД) мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорының, грамматикалық құрылымдарды қолдану және диалогтік сөйлеу дағдыларының айтарлықтай жақсаруына ықпал ететіні анықталды.
ҚАЗ
РУС
ENG