БИОЛОГ МАМАНДАРДЫ ОҚЫТУДАҒЫ STEM ИНТЕГРАЦИЯСЫ: ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ТРЕНД
DOI:
https://doi.org/10.53355/ZHU.2026.120.3.020Түйінді сөздер:
STEM интеграциясы, биологияны оқыту, зертханалық сабақ, полиэтилен қалдықтары, ғылыми әдіс, экологиялық зерттеу, шығармашылық ойлау, студенттердің зерттеушілік қабілетіАннотация
Мақалада биология пәнін оқытуда STEM интеграциясына негізделген зертханалық сабақ үлгісі сипатталған. Зерттеу «Өсімдіктерге әсер ететін стресс факторлар» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, полиэтилен қалдықтарының өсімдіктердің физиологиялық көрсеткіштеріне әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге бағытталды. Сабақ барысында студенттер нақты жағдаяттық мәселені шешу үшін өз бетінше гипотеза құрып, инженерлік модельдер әзірледі, эксперимент жүргізді, алынған деректерді технологиялық құралдар көмегімен өңдеп, математикалық есептеулер орындады. Эксперименттік зерттеу объектісі ретінде Sorghum saccharatum (қант соргосы) өсімдігі таңдалды. Топыраққа әртүрлі мөлшерде полиэтилен қалдықтары қосылып, өсімдіктердің өсу биіктігі, жапырақ саны, тамыр ұзындығы, ылғал және құрғақ массасы сияқты көрсеткіштер тіркелді.
Зерттеу нәтижелері пластик қалдықтарының топырақ қасиеттері мен өсімдіктердің өсу қарқынына кері әсер ететінін көрсетті. Сабақ барысында STEM тәсілінің төрт бағыты – ғылым, технология, инженерия және математика – өзара байланыста қолданылды. Студенттер теориялық білімдерін өмірлік жағдаяттармен ұштастырып, ғылыми зерттеу әдістерін тәжірибе жүзінде меңгерді. Сауалнама нәтижелері STEM тәсілі негізінде ұйымдастырылған сабақтың тиімділігін көрсетті: студенттердің 95%-ы сабақ мазмұнын толық түсінгенін, 91%-ы зерттеу тапсырмаларының қызықты болғанын атап өтті. Қатысушылардың барлығы (100%) STEM бағыттарының өзара байланысын байқаған. Сонымен қатар, студенттердің 93%-ы білімдерінің кеңейгенін, 90%-ы сабаққа белсенді қатысқанын, ал 100%-ы бұрынғы қате түсініктерінің түзетілгенін көрсетті. Технологиялық құралдарды қолданудың тиімділігін барлық қатысушылар оң бағалады.
Зерттеушілік қабілеттердің дамуына қатысты жауаптар біркелкі бөлінгенімен, нәтижелер бұл бағыттағы жұмысты одан әрі тереңдету қажеттігін көрсетті. Студенттердің 75%-ының топтық жұмыс барысында өз пікірін еркін білдіруі қолдаушы оқу ортасының қалыптасқанын аңғартады. STEM интеграциясына негізделген тәжірибе студенттердің ғылыми-зерттеу, сыни ойлау, топтық жұмыс және шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Зерттеу нәтижелері STEM интеграциясын биологияны оқытуда және болашақ педагогтерді кәсіби даярлауда қолданудың әлеуетін көрсетеді.