АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ ПЕН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУДЫ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ОҚЫТУДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.53355/ZHU.2026.120.3.011Түйінді сөздер:
алғашқы әскери және технологиялық дайындық, дене шынықтыру, интеграциялық оқыту, әскери-қолданбалы дене дайындығы, жоғары сынып оқушылары, сауалнамалық зерттеуАннотация
Мақалада жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушыларын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етуге даярлауда «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» (АӘжТД) пен «Дене шынықтыру» (ДШ) пәндерін интеграциялық оқытудың педагогикалық мүмкіндіктері қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – жоғары сынып оқушыларының әскери-қолданбалы дене дайындығын жетілдіру құралы ретінде аталған пәндерді интеграциялық оқытудың педагогикалық мүмкіндіктерін анықтау. Зерттеуде аралас зерттеу дизайны қолданылды: оқу бағдарламаларына жүйелік-салыстырмалы талдау жүргізіліп, Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінің 102 мұғалімі (АӘжТД – 64, ДШ – 38) арасында Google Forms платформасы арқылы сауалнама ұйымдастырылды (жауап беру коэффициенті – 69,4%). Сауалнаманың ішкі сенімділігі Cronbach альфа коэффициентімен бағаланды (α = 0,71). Сандық деректер IBM SPSS Statistics 26.0 бағдарламасында өңделді, ал ашық жауаптарға тақырыптық мазмұндық талдау жүргізілді. Оқу бағдарламаларын салыстырмалы талдау АӘжТД мен ДШ пәндерінің төрт тоқсанның барлығында тақырыптық сәйкестігі бар екенін және оларды интеграциялық оқытуға негіз болатын ортақ дидактикалық мақсаттардың байқалатынын көрсетті. Сауалнама нәтижелері бойынша мұғалімдердің 80,4%-ы интеграциялық оқытуды толық немесе шартты түрде қолдады. Алайда оны жүйелі түрде қолданатындардың үлесі небәрі 28,4%-ды құрады, бұл мұғалімдердің интеграциялық оқытуға оң көзқарасы мен оны тәжірибеде іске асыру деңгейі арасында елеулі алшақтықтың бар екенін айғақтады. Интеграцияны жүзеге асырудың негізгі кедергілері ретінде АӘжТД пәніне бөлінген оқу уақытының шектеулілігі (аптасына 1 сағат), материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі және нормативтік-әдістемелік қолдаудың жеткіліксіздігі анықталды. Зерттеу нәтижелері АӘжТД мен ДШ пәндерін интеграциялық форматта оқытудың бағдарламалық негізі бар екенін және бұл тәсілдің мұғалімдер тарапынан педагогикалық қолдау табатынын көрсетті. Сонымен қатар, интеграциялық оқытуды білім беру тәжірибесіне кеңінен енгізу нормативтік-құқықтық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жетілдіруді талап етеді.